CPJ Қазақстан билігін Азаттықтың 16 тілшісін аккредиттеуге үндеді

Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырды. Ұйым бұл мәлімдемесін 19 тамыз күні шығады деген сот үкімі қарсаңында жасады. Азаттық сотқа жүгініп, сыртқы істер министрлігінің шешіміне шағым түсірген.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосының батыл репортажы Қазақстан медиа кеңістігінде өте маңызды орын алады. Сондықтан біз оның жұмысына айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін сот үкімін қатты алаңдаушылықпен күтіп отырмыз", – деді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының үйлестірушісі Гүлноза Саид. "Қазақстан билігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының жұмысына кедергі келтірмей, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек және шетелдік [журналистерді] аккредиттеу туралы шектегіш заңдарды қайта қарауы қажет".

Биыл маусым және шілде айларында Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуден бас тартатынын хабарлаған. Бұл – осыған дейін аккредиттеліп келген қызметкерлер.

11 шілде күні Азаттық радиосы "Құқықтық медиа-орталық" қолдауымен сыртқы істер министрлігіне әкімшілік шағым түсірген. 19 тамыз күні сот шешімі шығуға тиіс.

Қазақстан заңы бойынша, елде шетелдік журналистерді елдің сыртқы істер министрлігі аккредиттейді. 2024 жылы қабылданған "Масс медиа туралы" заң бойынша, шетелдік журналистердың ел аумағында аккредиттеусіз жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Бұрын аккредитация картасын екі жылға беріп келген сыртқы істер министрлігі былтырдан бастап бұл мерзімді алты айға дейін қысқартты. Министрлік аккредиттеу туралы өтінішті екі ай қарайтын болған соң, Азаттық жаңа картаға өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын берді. Бірақ министрлік осы екі ай аяқталғанда өтінішті қарауды тағы да екі айға созды.

Азаттық радиосының мәлімдеуінше, министрлік Азаттық тілшілерін аккредиттемеуге ілік болатын жағдайды қолдан жасап отыр.

Былтыр Қазақстан билігі Азаттықтың 36 тілшісін аккредиттеуден бас тартқан. Бірақ Азаттық сотқа жүгінген соң, министрлік редакциямен мәмілеге келіп, журналистерге аккредитация картасын беруге келіскен.

Сондай-ақ былтыр Қазақстанда "Масс медиа туралы" заң қабылданған. Жаңа заң нормалары Азаттық радиосы секілді шетелдік БАҚ жұмысын шектеуге жол ашады деген алаңдаушылық болған.

Редакция жұмысындағы қиындықтар 2022 жылы басталды. Сол жылғы күзден бері Азаттық сайты троттлинг дейтін бұғаттауға ұшырап келеді. Ел аумағында сайт өте баяу ашылады.

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырған.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық пен СІМ арасындағы аккредитация сотында жарыссөз өтті