Алматы қалалық соты әкімшілік іс бойынша құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға шыққан шешімді өзгертпеді. Бірақ судья шешімді оқымаған. Бұл жөнінде құқық қорғаушы желіде хабарлады.
“Қаулыны оқымай-ақ, тып-тыныш сот кабинетіне салып қойған. Өзгеріссіз қалдырды. Айыппұл төлеуге көмектескісі келгендер жекеме жазыңыздар! 78 640 теңге” деп жазды Төреғожина 21 тамызда.
Кеше, 20 тамызда құқық қорғаушы мен қорғау тарабы сот шешімі қашан оқылатынын күткен, ал бүгін шешім сот порталында жарияланғаны белгілі болды. Құжатта шешім 20 тамызда шыққаны көрсетілген.
“Б.А.Төреғожинаны, оның өкілдері З.Е.Әбілдинаны., М.Х.Аспандиярова, Ш.Б.Бекқұлова, Е.Қ.Қалиев, Ғ.Б.Нұрпейісовті тыңдап, іс материалдарын, шағым түсіруші жақтың дәлелдерін зерделей келе, апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдыру керек деп санайды. Төреғожинаны кінәлі деп таныған сот қорытындысы істің нақты мән-жайына сәйкес және сот отырыстары барысында алынған тексерілген дәлелдемелерге негізделген” деп жазылған сот қаулысында.
Әкімшілік іске құқық қорғаушының түрмеде аштық жариялаған саяси белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы жақында әлеуметтік желіде жазған посты себеп болған. Ол жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған.
Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
"Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен үнемі байланыстамыз. Сондықтан оның "халі ауыр", ол "45 кг болып, талып қалуға шақ қалыпты" деген сөздердің ешқандай объективті негізі жоқ және олар дәлелденбеген. Азаматтың, әсіресе жазасын өтеп жатқан адамның денсаулығына қатысты хайп жасау құқықтық тұрғыдан дұрыс емес, ал М.Жыланбаевтың туыстары мен жақындарының алдында адамдыққа жатпайтын әрекет деп санаймын" деді Ластаев.
29 шілдеде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге олар жазасын өтеушінің жағдайымен танысып, өзімен сөйлескен.
Кейін Жыланбаевқа кіріп шыққан адвокаттары оның Адам құқығы уәкілімен кездесу кезінде айтқан түрмедегі антисанитария, егеуқұйрықтар мен тышқандар, аштық ұстау себебі мен өзге де заңсыздықтар туралы айтқаны, бірақ Шердің жазбасында ол жөнінде айтылмағаны белгілі болғанын жеткізген.
31 шілдеде Алматы әкімшілік соты Бақытжан Төреғожинаны "Жалған ақпарат тарату" бабымен кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салған. Ал құқық қорғаушы шешіммен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары құқық қорғаушыға шыққан шешімді айыптады.
Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 20 тамыз күнгі мәлімдемесінде Қазақстанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауын сынап, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеді.