Ресейлік 83-гвардиялық десанттық-штурмдық бригаданың шамамен 30 сарбазы мен офицері қаржылай төлем мен мемлекеттік награда алу үшін бір-бірін атқан. Оларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жіберілді деп жазды "Коммерсант" басылымы. Тергеу дерегінше, мемлекет тарапынан берілетін төлемге қол жеткізу үшін сарбаздар бір-бірін атып, жаралаған.
Жалпы айла-шарғы ісіне 30 әскери қызметкер тартылған, арасында полковник Артем Городилов пен подполковник Константин Фролов та бар. Соңғы аталған екеу былтыр жазда ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған. Екеуі де кінәларын мойындап, сотқа дейін тергеу органдарымен келісім жасасқан. Фроловқа сонымен бірге заңсыз қару-жарақ айналымы, парақорлық баптары бойынша да айып тағылған. Қылмыстық іс жарақаттарды тіркеу кезіндегі алаяқтықтар туралы айтқан бір әскери қызметкердің жауабынан кейін жүргізілген тексерістен соң қозғалған.
Фролов ісіндегі деректерге сүйенсек, ол соғыс кезінде төрт рет жараланған, бірақ жеті рет жараланғанын дәлелдейтін жапсырмамен жүрген. Тергеу органдарының айтуынша, жарақаттар әскери қимыл кезінде алынбаған. Өзінің сөзінше, оған өзінің өтінішімен қызметтестері маңызды ағза мүшелері зақымданбайтындай оқ атып, жаралаған.
Тергеу дерегінше, бригаданың 30-дан астам әскери қызметкеріне “соғыста алған жарақаты үшін” 200 миллион рубльден астам төлем төленген. Осы жарақаттар үшін кейбірі “Ерлігі үшін” және “Батырлық” ордендеріне ұсынылған.
Бұған қоса, тергеушілердің пікірінше, ақпарат құралдарында Фролов туралы таратылған ақпарат өтірік болып шыққан. Атап айқанда, ол "атыс кезінде құтқарған қыз баланы бағып алған" және “өзін әріптесі құтқарған” деген ақпарат та рас болмай шыққан. Оны “құтқарды” деген сарбаз да қылмыстық істе айыпталушы атанған. “Коммерсант” дерегінше, Фролов өзінің командирі Городиловқа қарсы куәлік берген.
2024 жылдың қарашасынан бері Украинадағы соғыста жараланғандарға жараның ауырлығына байланысты 1-3 млн рубль көлемінде ақша беріледі деп жазды “Настоящее Время” арнасы.