Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" баспасөз қорғау ұйымы (Reporters Without Borders, RSF) Азаттық тілшілеріне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстан билігінің шешімін айыптады. 20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызын қанағаттандырмады. Осыдан кейін RSF мәлімдеме жариялады.
"RSF журналистердің жұмысын істеуге кедергі келтіретін мұндай саяси шешімді айыптайды және билікті олардың аккредитациясын дереу қалпына келтіруге шақырады" деп жазылған мәлімдемеде.
Ұйымның айтуынша, билік Азаттықты тиісті құжаттарды сыртқы істер министрлігіне алдын ала тапсырғаннан кейін, аккредитацияның ұзартылғанын күте отырып, жұмысын жалғастырды деп айыптап отыр.
Астана шетел журналистеріне аккредитациясыз жұмыс істеуге тыйым салатын "Масс-медиа туралы" заңға сүйенген.
"[Азаттық] қызметкерлерінің барлығы Қазақстан азаматтары болғандықтан бұл ереже қолданылмауы керек. Соған қарамастан, судья "талапкердің қызметкерлер шетелдік журналист емес деген уәжі негізсіз, өйткені шетелдік БАҚ-пен шарттық немесе өзге де қарым-қатынастағы кез келген адам шетелдік журналист болып саналады" деп қаулы етті" деді ұйым,
"Қазақстандық журналистерді халықаралық БАҚ-та жұмыс істейтіндіктен «шетелдік журналистер» деген желеумен оларды аккредиттеуден бас тарта отырып, сот жүйесі Азат Еуропа/Азаттық радиосының жергілікті бюросы «Азаттық» радиосының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған өрескел құқықтық алдауды қуаттап отыр. RSF тәуелсіз үнді тұншықтыру үшін әкімшілік процедураларды қолдануды айыптайды. Қазақстан билігі мүдделі журналистердің аккредитациясын дереу қалпына келтіріп, олардың аккредитациясының болашақта еш кедергісіз ұзартылуын қамтамасыз етуі керек" деп мәлімдеді RSF-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье.
20 тамызда Азаттықтың 7 тілшісіне аккредитация беру мәселесі бойынша шешім шықты. Алдағы уақытта тағы 9 тілшіге қатысты сот өтеді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының сотта мүддесін қорғаған заңгерлер шешімді апелляцияға беретінін айтты.
Астана сотының шешіміне реакция білдірген Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс деп мәлімдеді.
"Бұл – сөз еркіндігіне кепілдік берген Қазақстан Конституциясына кереғар шешім. Азат Еуропа/Азаттық радиосы қазақ халқы жоғары бағалайтын аса маңызды қоғамдық қызмет атқарып келеді. Журналистика – қылмыс емес, сондықтан журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс. Жалпы алғанда, осы маңызды мәселені ашығырақ әрі бірге күш жұмсап шешуді қолдаймыз", – деді Стивен Капус.